Түркістан халықаралық әуежайында кикілжің орын алды. «Ыстанбұл-Түркістан» бағытымен ұшқан түркиялық азаматқа ұшақ бортында темекі шекені үшін айыппұл салынды.
Түркістан әуежайының желілік полиция бөліміне Ыстанбұлдан Түркістанға ұшқан ұшақ бортында жолаушының тәртіп бұзғаны жайлы хабарлама келіп түскен. Ұшақ қонғаннан кейін жолаушы полиция қызметкерлеріне тапсырылған. Тексеру жұмыстары нәтижесінде тәртіп бұзған 32 жастағы Түркия Республикасының азаматы екені анықталған. Шетелдік азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441 бабы, 1-2 бөлімі (Әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, дәл осы күні ұқсас жайт «Ақтау-Алматы» бағытында ұшқан ұшақта да орын алды. Маңғыстау облысының 18 жасар тұрғынына да Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441 бабы, 1-2 бөлімі бойынша 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған болатын.
Естеріңізге сала кетсек, жыл басынан бері әкімшілік жауапкершілікке 26 201 азамат тартылса, оның ішінде темекі шегу факті бойынша 583 жайт тіркелген.