Екі күнге созылған Халықаралық AMEN анимациялық фильмдер фестиваліне 7 бірдей түркі елі өз туындыларын қосты. Осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған шараның биыл қандай ерекшеліктері болды? Толығырақ тілші материалында.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», « Ақсақ құлан», «40 өтірік» , «Күн сәулесі», «Тағдыр» секілді мульфильмдер баршамызға бала кезден жақсы таныс. Қазақтың тұңғыш мултиапликаторы Әмен Қайдаров есімін аниматор ретінде әлемге танытқан бұл ғажап туындылар және кейінгі заманауи мультипликаторлар жасап шығарған отандық мульфильдер екі күн бойы көне шаһар жұртына тегін көрсетілді.
Бауырлас түркі елдерінің басын біріктірген байқауға Әзербайжан, Башқұрстан мен Қырғызстан, Түркия сынды 7 елдің үздік мамандары қатысты. Шараның басты мақсаты – кейінгі ұрпаққа бұл өнердің тарихын дәріптеп, талантты жастарды ынталандыру
Жәнібек Оразәлі, Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдастығының басшысы:
«Қазақ анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдаров атамыздың құрметіне «AMEN» кино фестивалін ұйымдастырып отырмыз. Яғни, ол кісі қазақтың тұңғыш анимациялық киносын жасап қана қоймай, осының орталығын ашылуына, ананимациялық кино студияның құрылуына тікелей демеуші болып,себепші болған тұлға біз үшін. Сондықтан да кейінгі ұрпақтар ол кісінің атын ұмытпай, қазақтың анимациялық кино өнерін әлемдік деңгейде көтерсін деп кинофестивалдің атын осылай қойып отырмыз»
Биылғы шараның басты ерекшелігі – Түркі дүниесінің рухани астанасында өтуінде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылар жарысқа қатысып қана қоймай, атақты «Диснейдің» режиссерларымен тәжірибе алмасады.
Мақпал Жұмабай, «Әмен» кинофестивалінің президенті:
«Фестиваль – жиналып тойлап тарқап кететін мейрам емес. Бұл шараның өзгешелігі мұнда фестиваль аясында тренингтер мен шеберлік сағаттары ұйымдастырылады. Мәселе, біздің фестивалімізда «Дисней» компаниясында жұмыс істеген Пакохондс Булан, «Снежная королева» , «Король Лев» сынды әлемге танымал үздік туындылардың жасалуына қатысқан Александр Доров дәріс оқыды»
Алғаш 2019 жылы Елордада өткен аниматорлар байқауы былтыр карантиндік шектеулерге байланысты онлайн режимде ұйымдастырылды. Биыл Түркістан төрінде өткізіліп, онда түркі әлемінің ең үздік туындылары анықталып қана қоймай, режиссерлардың өзі да сынға түсті.