Биыл – ақын, ағартушы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл. Осыған орай Түркістан қаласында қоғам қайраткері атындағы қазақ-орта мектебінде ашық сабақтар өтті. Бейнефильм көрсетіліп, сахналық көріністер қойылды. Айта кету керек, іргетасы сонау 19 ғасыр соңында қаланған білім ордасының өзі – тарихи нысандар қатарында. Үш бірдей ғасырға куәгер мектеп қабырғасынан Сұлтанбек Қожанов, Саттар Ерубаев, Маулен Балақаев секілді ұлт зиялылары түлеп ұшқан.
Қаламгер Әбдібек қажы Бейсеновтің осы мектепті бітіргеніне биыл 66 жыл. Осыған орай, қара шаңырақта абыз-ақсақалға арналып бастауыш сынып кабинеті ашылды.
Нұрзада Бейсен, профессор:
«Бұл – әзірге жұмыстың басы ғана. Аталған сыныпты біз заманның барлық талаптарына жауап беретіндей жасақтауға тиістіміз. Оны өзімізге міндетдеп алып отырмыз. Қарапайым мектеп болса да түлеп ұшқан шәкірттерінің қоғамға үлес қосуы жағынан Назарбаев интеллектуалды мектебінен еш кем түспейді дей аламыз.
Ғалымдар отбасы атанған жанұяда 3 ғылым кандидаты, екі магистр және бір халықаралық тренер шыққан. 10 перзенті мен 22 немересі жоғары білімді және олардың бірқатары магистр болса, немере мен шөберелері студент. Олардың көбі осы білім ошағында білім алған. Енді, немересі Бірғаным да осы мектептің табалдырығын аттап отыр.
Бірғаным Әбдібек, оқушы:
«Мен бір кездері атам білім алған мектепте оқып жатқаныма қуаныштымын. Сабақты үздік оқуға тырысам»
Білім ордасының негізі 1898 жылы қаланған. Алайда мектепке Ахмет Байтұрсынов есімі тек Тәуелсіз алғаннан кейін ғана берілген. Көне шаһар облыс орталығы мәртебесін алуына орай былтыр 2021 жылы қаланың Бас жоспары өзгеріп, тарихи ғимараты бұзылды. Есесіне білім ордасы жаңадан салынды.
Ұлбибі Дәулетова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
«Негізгі мақсатымыз – Байтұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын дәріптеу болатын. Мақсатымызға жеттік деген ойдамыз».
Бүгінде аталған мектепте жалпы 172 мұғалім қызмет етіп, 1581 оқушы білім алады. 66 сынып заманауи техникамен жабдықталған.